Баяғыда бір адам жалғыз қызымен бірнеше бөлмелі жарық, биік, өте әсем үйде тұрыпты. Үйдің айналасы бау-бақша екен. Бір күні оның кішкентай қызы бақшаны, барлық бөлмені аралайды. Кірмеген жалғыз ғана бөлме қалыпты. Ол ылғи да жабық тұрады екен. Сонда әкесінен қызы:
Әке, мен барлық бөлмелерге кіріп көрдім, тек бір бөлмені әлі көрмедім. Ол бөлмеде қандай құпия бар, - деп сұрайды.
Оның дұрыс, қызым. Жақсылардың ең жақсысы сонда. Бірақ сен әлі жассың, өскенде бұл бөлмені саған беремін. Сен оған өмір бойы риза боласың, - деп жауап қайтарады әкесі.
Ай өтеді, жыл өтеді, қыз есейіп бой жетеді. Әкесі қызына жабық бөлменің кілтін ұсынады. Қызы қатты куанып, жүгіріп келіп есікті ашып жібергенде, ол тек ұршық пен өрмек және кітапты көреді. Қыз әкесіне келіп, жылап тұрып:
Әке, сен жабық бөлмеде жақсылардың жақсысы бар деген едің. Мен ол бөлмеде ұршық пен өрмек, кітаптан басқа еш нәрсе таппадым, - дейді.
Міне, жақсылардың жақсысы деген - осылар, қызым! Ұршық пен өрмек болса, еңбегіңді көресің. Ал кітап оқысаң, білімің артады. Жарық дүниеде бұлардан жақсы нәрсе жоқ. Дүниедегі мүліктің бәрі еңбекпен, біліммен табылады, - деп түсіндіреді әкесі.